Қазақстандағы құрылыс арматурасының нарығы негізінен көміртекті болат және болаттың аз қоспаланған өнімдерінен тұрады. Бұл өнімдер осы нарықтың ең дамыған сегментін құрайды. Құрылыс арматурасы тұрғын үй, коммерциялық және өндірістік ғимараттар құрылысында, көпір, жол сияқты инфрақұрылымдық объектілерді салуда қолданылады.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздегі құрылыс арматурасының өндіріс көлемі 510 мың тоннаны құрады (2023 жылдың деңгейімен салыстырғанда +13,5%), ал ішкі тұтыну көлемі 782 мың тоннаға жетті (+11,6%). Жетпеген қажеттілік көлемі ТМД елдерінен жеткізу арқылы қамтамасыз етілді.
Есептік кезеңде қазақстандық өнім Тәжікстан (62%) және Өзбекстан (22%) нарықтарына экспортталған.
Құрылыс арматурасы сегментінің өсу қоры 431 мың тоннаны құрайды. Қазақстанда арматураны өндіретін негізгі кәсіпорындар: «Qarmet» АҚ (Қарағанды облысы), «ЕвразКаспианСталь» ЖШС (Қостанай облысы), «KSP Steel» ЖШС және «Кастинг» ЖШС (Павлодар облысы), «Тараз арматура зауыты» ЖШС» (Жамбыл облысы), «SinYuanSteel», «Ferrum-Vtor» және «Shymkent Temir» ЖШС (Шымкент қаласы), «Central Asia Fu Zhou Metal» ЖШС (Алматы облысы).
Бұл кәсіпорындардың жобалық жиынтық қуаттылығы жылына 1,9 млн тоннаны құрайды.