«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының өкілдері ірі қара мал өсірумен, жылқы шаруашылығымен, сүт өндіру және өңдеумен айналысатын «Астана – Өнім» сүт зауытына барды. Кәсіпорын күн сайын шамамен 10 тонна сүт өңдейді. Орта есеппен алғанда, зауыт күніне елорданың бір супермаркетіне шамамен 300 литр сүт жеткізеді.
Кәсіпорын айран, жемісті айран, ряженка, вологда майы, ірімшік, құрғақ ірімшік, құрт, қымыз, сүт сияқты 23 түрлі сүт өнімдерін шығарады.
Зауыт басшылығымен кездесу барысында QazIndustry мамандары мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктерін түсіндірді. Атап айтқанда, кәсіпорын өкілдеріне ынталандыру шаралары аясында монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, шетелдік жұмысшыларды тартуға, қызметкерлерді оқытуға, өнімді сертификаттау сияқты жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндіктері бар екені айтылды.
Өз кезегінде «Астана-Өнім» басшылығы аталмыш қолдау шараларына қызығушылық танытты. Кәсіпорын өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шаралары жайлы толық ақпарат алу үшін QazIndustry-де (әр сейсенбі және бейсенбі сайын) өткізілетін Ашық есік күніне қатысу ұсынылды.