«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарға еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу шараларын жалғастыруда. Ағымдағы жылдың сегіз айының (қаңтар-тамыз) қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындарға 792,7 млн теңгеге шығындары өтелген. Бұл туралы бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.
Өтінімдерді қараудың нәтижесінде бірінші бағыт - еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша өтелген қаражаттың жалпы сомасы 772,6 млн теңгені құрады. Бұл бағыт бойынша өтінімдердің басым бөлігі Алматы қ.(74), Алматы облысынан (71), Шымкент (67) және Астана (55) қалаларынан келіп түсті.
Екінші бағыт - отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша өтелген сома 20,1 млн теңгені құрады. Өтінім беру бойынша көшбасшы өңірлер Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары мен Алматы қаласы болды.
Салалық бөліністе өтінімдерді көбінесе машина жасау, тамақ және сусындар өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және металлургия секторындағы кәсіпорындар жіберген.
Сонымен қатар, QazIndustry мамандары тұрақты түрде өнеркәсіп кәсіпорындарына шығындардың бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. QazIndustry өкілдері телефон арқылы консультациялар беріп, Ашық есік күндерін өткізеді. Сондай-ақ, мамандар кәсіпорындарға бару арқылы және түрлі бейінді форумдар мен конференцияларда өз қызметтерін таныстырады.