Алдағы жылдары жиһаз өнеркәсібіне 8 млрд теңге инвестиция бағытталады деп күтілуде

 

  Қазіргі таңда еліміздің жиһаз өнеркәсібінің инвестициялық портфелі құны 17 млрд теңгеден асатын 9 жобаны қамтиды.  Оларды іске асыру арқылы  шамамен 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталғының жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.

Аталған жобалардың ішіндегі құны 9,2 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба биылғы жылы Түркістан облысында іске қосылды. Жаңа өндірістер 375 адамды жұмыспен қамтыды. Өнімдердің негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталған.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Павлодар облысында бір жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Құны 388 миллион теңге болатын кеңсе және мектеп жиһаздарын өндіру жобасы аясында шамамен 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жүзеге асыру кезеңінде Шымкент қаласында құны 800 миллион теңгені құрайтын 3 жоба бар. Олардың ішінде жиһаз, медициналық жиһаз және металл шкафтар өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 102 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 9 % - ға жуығын жақын және алыс шетелдерге экспорттау жоспарлануда. 

Сонымен қатар, Абай облысында жалпы құны 7,5 миллиард теңге құрайтын, 530 жаңа жұмыс орны құрылатын корпустық кеңсе жиһазын өндіру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жобаның негізгі инвесторы – Қытай Халық Республикасы.

Осылайша, жоспарланған 5 жобаны іске асыру барысында жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына тағы 8 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Жобалар негізінен еліміздің ішкі қажеттіліктерін қамтамсыз етуге бағытталған. Негізгі инвесторлар – Қазақстан мен Қытай елі.