QazIndustry өкілдері Қазақстан ғылыми делегациясы құрамында «Ғылым және техника: ақылды ауыл шаруашылығы, баршаға ортақ өркендеу» атты конференцияға қатысуда. Іс-шара Қытайдың Шаньдунь провинциясындағы Цзинань қаласында өтіп жатыр.
Конференцияның негізгі мақсаты – Қытай мен Орталық Азия елдері арасында технологиялық жетістіктермен, сондай-ақ интеллектуалды ауыл шаруашылығы саласындағы IT-шешімдермен алмасу арқылы ынтымақтастықты нығайту.
Кездесуге қатысушылар интеллектуалды ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибе мен технологиялармен алмасып, аграрлық ғылымды дамыту арқылы әлеуметтік жағдайды жақсартудың тиімді жолдарын талқылады.
Сондай-ақ, қазақстандық делегация Шаньдунь провинциясындағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, олардың өндірістік процестері мен шығарылатын өнім түрлерімен танысты.
Конференция барысында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ақылды технологияларды бірлесе дамыту мақсатындағы Қытай-Орталық Азия технологиялық Альянсы құрылды. Бұл альянс ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін жаңа идеяларды ілгерілететін болады.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының машина жасау саласын дамыту дирекциясының басшысы Толеген Усиннің айтуынша, Қазақстанның Қытай-Орталық Азия диалогына қатысуы елімізге ақылды ауыл шаруашылығы саласында озық шешімдерді әзірлеу және енгізу бойынша бірегей тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.