Астанада KazAgro/KazFarm-2024 халықаралық аграрлық көрмесі өтуде. Іс-шараға әлемнің 20 елінен 300-ден астам үздік агроөнеркәсіптік кешен компаниялары қатысуда. Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған инновациялық әзірлемелері мен қызметтерін таныстыруда.
Көрме аясында «Тұрақты Ауыл шаруашылығы және инновациялық тәсілдер арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбымен Қазақстан-Германия конференциясы өтті. Конференция барысында Германияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған заманауи ауыл шаруашылығы техникасы - саясат пен бизнеске арналған стратегиялар» тақырыбындағы панельдік сессия өтті. Бірқатар мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдерінің қатысуымен өткен панельдік сессия жұмысына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев және «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Берік Бекенов қатысып, сөз сөйледі.
QazIndustry басшысы өз сөзінде орталықтың отандық өнеркәсіпті дамытудағы рөлі және көрсетілетін мемлекеттік ынталандыру шараларына тоқталып өтті.
«QazIndustry өңдеу өнеркәсібі секторларына қолдау көрсетеді. Атап айтқана, отандық кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру мен өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу шараларын ұсынады. Сонымен қатар, біздің орталық арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін үйлестіреді. Біздің міндеттеріміздің бірі – Қазақстан өнімдерінің экспортын арттыруға ықпал ету. Мұндай мақсатқа кәсіпорындарға қолдау көрсету мен оларды модернизациялау арқылы қол жеткізуге болады», - деп атап өтті Берік Бекенов.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың мәліметінше, соңғы бес жылда еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері бес есеге өскен. Министрліктің алдағы бес жылдағы жоспарына сәйкес еңбек өнімділігін 1,8 есе арттыру көзделуде. Мұндай нәтижеге өнеркәсіпті қаржылық институттар және екінші деңгейлі банктер арқылы қолдау көрсету арқылы қол жеткізуге болады.
Сессия модераторы German Agribusiness Alliance Орталық Азиядағы өкілі Дирк Штратманн атап өткендей, Қазақстанда өнеркәсіп саласына мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары қарастырылған, бұл сөзсіз көрсеткіштердің жақсаруына және өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуына әкелуі тиіс.