Атыраулық кәсіпорынға қауіпсіздік сертификатын алуға жұмсалған шығындарының жартысы өтелді

ЖШС KMG Automation

 

Өндірістік алаңдардағы функционалды қауіпсіздік басымдыққа ие талапқа айналып келеді. Әсіресе, бұл машина жасау және мұнай-газ секторына қатысты. Мұндай қажеттілік ақаулар, істен шығулар және басқа да жағымсыз жағдайлар туындаған жағдайда барлық жүйелердің, процестердің және құрылғылардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет.

Қазақстанда қысым түрлендіргіштерін алғаш шығара бастаған Атырау қаласындағы KMG Automation компаниясы өткен жылы SIL2 деңгейіндегі функционалды қауіпсіздік бойынша халықаралық сертификат алды. Сертификат құны шамамен 3,5 млн теңгені құрады. Осы қауіпсіздік деңгейіне сәйкестігін растау қызметі құнының жартысын QazIndustry өтеп берді.

«Біз үшін қауіпсіздік өте маңызды. SIL2 халықаралық сертификатына ие болу қызметкерлер мен қоршаған ортаға келетін қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді. «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы осы бағыттағы шығындардың 50 пайызын өтеуге мүмкіндік берілетіні бізді қуантады. Бұл – өндірістік процестерді жақсартуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға ұмтылатын компанияларды мемлекет тарапынан қолдаудың тамаша үлгісі», – деп бөлісті сертификаттау және метрология инженері Бақытқыз Тілесова.

SIL санатындағы қауіпсіздік сертификаты жүйенің немесе жабдықтың істен шығуы экологияға зиян тигізетін, адамдардың өміріне қауіп төндіретін және айтарлықтай залал келтіретін жағдайлардағы өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін міндетті болып табылады. Қауіпсіздіктің төрт деңгейі бар: SIL1, SIL2, SIL3, SIL4, мұнда SIL1 – ең төменгі деңгей, ал SIL4 – ең жоғары деңгей.

SIL2 белгілі бір жабдық үлгісіне беріледі. SIL2 сертификаты бар жабдықты пайдалану апаттық жағдайдың пайда болу қаупін азайтады және объектінің өрт қауіпсіздігін кемінде 100 есеге арттырады.

KMG Automation 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Schneider Electric компаниясының бірлескен жобасы ретінде Invensys өндірістік бренді негізінде құрылды және отандық мұнай-газ сегментінде жергілікті құрамды дамыту мақсатында жұмыс істейді. KMGA мұнай-газ секторы үшін технологиялық процестерді автоматтандыру және цифрландыру жобаларын әзірлейді.

2018 жылдың желтоқсанында кәсіпорын Foxboro америкалық зауытының технологиясы бойынша қысым түрлендіргіштерін өндіру цехын іске қосты. Бұл - еліміздегі мұндай датчиктерді өндіретін алғашқы алаң. Олар әртүрлі өндірістік және климаттық жағдайларда қысым, деңгей және шығын көрсеткіштерін өлшеуге мүмкіндік береді. KMGA пайдаланатын технология әлемге танымал Schneider Electric компаниясына тиесілі және Қазақстандағы жинау желісі – Schneider Electric-тің әлемдегі төртінші бірлескен өндірісі болып табылады.

Қазақстандық түрлендіргіштер толығымен аттестатталған және отандық өлшеу құралдарының бекітілген түрлерінің тізіліміне енгізілген.

«Алты жыл ішінде біз төрт мыңнан астам түрлендіргіш өндіріп, іске қостық, олардың сапасына қатысты ешқандай шағым түскен жоқ. 2023 жылы SIL2 деңгейіндегі функционалды қауіпсіздік бойынша халықаралық сертификат алдық. Бұл тек тәуекелдерді азайтып қана қоймай, компанияның тапсырыс берушілер алдындағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады кәсіпорында.

 

Өнімдер мен сапа менеджменті жүйесінің белгілі бір талаптарға сәйкестігін растау кезінде жұмсалған шығындарды өтеу түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сілтемесі арқылы танысуға болады.