Ағымдағы жылдың 11-15 қараша күндері QazIndustry өкілдері Ақмола облысының бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарына барып, жұмыс кездесулерін өткізді. Мамандар Көкшетау қаласындағы кәсіпорындардың өндірістік процестерімен танысып, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының қызметтері туралы ақпарат берді.
Атап айтқанда, QazIndustry қызметкерлері «Enki» және «Enki plus», «Блэк», «Kazrost Engineering», «Тұрмыстық химия зауыты», «Казделикатес», «Нәтиже» сүт фабрикасы», «Гормолзавод» және «Алдабергенова» ЖК компанияларының өндірістік алаңдарын аралады.
Аталмыш кәсіпорындар кірпіш пен интерьер заттарын шығарудан бастап ауылшаруашылық техникасын өндіру және киім тігуге дейінгі түрлі бағытта жұмыс істейді.
QazIndustry бизнесті ынталандыру және цифрлық трансформациялау дирекцияларының өкілдері «Атамекен» ҰКП Ақмола облыстық филиалымен бірлесіп өнеркәсіпті ынталандыру шаралары және өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін цифрлық шешімдер бойынша семинар өткізді. Оған өңірдегі өнеркәсіп және АӨК және тамақ өнеркәсібі кеңестерінің мүшелері қатысты.
QazIndustry серіктесі Welldone Company компаниясының IT-маманы өнеркәсіп саласына арналған онлайн оқыту түрлері туралы айтты. Кездесу қатысушыларына өндіріс қызметкерлерін оқыту кәсіпорынды дамытуда маңызды рөл атқаратыны туралы айтылды. Бұл мақсатта оқытудың үш түрі қолданылады: нақты уақыттағы (синхронды), өзіне ыңғайлы уақытта өтетін (асинхронды) және осы екі форматты біріктіретін (гибридті) қашықтан оқыту әдістері.
«Қызметкерлерді қашықтан оқыту олардың біліктілігін арттыру үшін өте қолайлы, себебі бұл формат қолжетімді, арзан және прогресті икемді бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы симуляторлар мен тренажерларды қолдану қызметкерлерге дағдыларын қауіпсіз виртуалды ортада жетілдіруге, жұмыс сапасын арттыруға және өндірістік процестерді стандарттауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті цифрлық трансформациялау дирекциясының өкілдері.
IT мамандар сонымен қатар қызметкерлерге ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі дағдыларын игеруге көмектесетін Wellbeing CS киберқауіпсіздік платформасы туралы айтты.
Кәсіпорындарды аралау барысында бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары технологиялық процестерді жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған шығындарды өтеу бойынша ақпаратты жеткізді. Кәсіпорындар мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында аталмыш бағыттағы шығындарын өтей алады. Ал цифрлық трансформация дирекциясының қызметкерлері кәсіпорындардағы бизнес-процестерді талдап, цифрлық технологияларды енгізу үшін негізгі бағыттарды анықтады.
QazIndustry өкілдерінің айтуынша, бұл көшпелі жұмыстардың нәтижесінде әрбір кәсіпорынға өндірістік процестерді оңтайландыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша нақты ұсыныстар беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry өндірістерді жаңғырту үшін цифрлық стратегияларды әзірлеу және енгізу бойынша қызметтер көрсетеді. Цифрлық технологияларды енгізуге мүдделі өнеркәсіптік компаниялардың саны жылдан жылға артып келеді.
Тағы бір айта кететіні, кәсіпорындар өз жұмысына отандық әзірлеушілердің IT-шешімдерін енгізген жағдайда, QazIndustry арқылы өтелетін шығындардың сомасы 40% емес, 50% құрайды. Бұл шара өнеркәсіпті ынталандырумен қатар, қазақстандық IT әзірлеушілерді қолдауға бағытталған.