Ағымдағы жылдың 25-29 қараша күндері аралығында QazIndustry өкілдері «Қазақмыс» және ERG өкілдерімен бірлесіп Ақтөбе облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен жұмыс кездесулерін өткізіп, өндіріс орындарын аралап, мемлекеттік ынталандыру шараларын таныстырды. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП-ның жергілікті филиалында ұйымдастырылған семинар барысында Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының қызметтері туралы ақпарат берілді.
QazIndustry мамандары өңірдегі 15 кәсіпорынды аралады. Олардың қатарында «Каспий Плюс», «Спецобувьторг», «Глобал-Спецодежда», «Вега мебель», «Светком», «FIBC Kazakhstan», «West Line Doors», «Сталлит», «Ferroom», «Epsilon Group», «Поливест», «Ақжар АБК», «Гектор-Медсервис», «Акватория-Ақтөбе», «Ақтөбе металл конструкциялары зауыты» және «Siyar Stroy Siti» секілді компаниялар бар. Бұл кәсіпорындар машина жасау, жеңіл, ағаш өңдеу, химия, металлургия және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейді. Аталмыш кәсіпорындардың барлығы өндірісті дамыту мен жаңғыртуға кеткен шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шараларын алу мүмкіндері бар.
«Кәсіпорындарда біз өнеркәсіп өкілдерімен бірге технологиялық процестерді жетілдіруге, өндіріс тиімділігі мен қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және цифрлық шешімдерді енгізуге байланысты шығындарды анықтау бойынша жұмыс жүргіздік. Бұл шығындардың бір бөлігін мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында өтеуге болады. Ақтөбе облысының өнеркәсіп өкілдері бізден толық кеңестер алды және біздің қызметтерге қызығушылық танытты. Барған кәсіпорындардың көбі ірі, қала құраушы кәсіпорындар болып саналады. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп, өнімдерін шетелге экспорттайды. Сондықтан бұл кәсіпорындарға мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Мысалы, заманауи жабдықтармен жабдықталған «Глобал-Спецодежда» фабрикасы 700 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын жылына 1,2 млн арнайы киім шығарады», – деп атап өтті «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында байланыс деректерімен алмасты. Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry арқылы шығындардың бір бөлігін өтеу механизмдері туралы толық ақпаратты qazindustry.gov.kz сайтынан, +7 (7172) 79 33 99 (ішкі. 444) байланыс телефоны арқылы немесе Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17 (Е блогы) мекенжайында әр сейсенбі және бейсенбі күндері өтетін ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.