Биыл Қазақстанда резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін жеті кәсіпорын іске қосылды

Биыл Қазақстанда резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін жеті жаңа кәсіпорын ашылды. Олардың жалпы құны 250,2 миллиард теңгені құрайды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 1567 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.

«Кәсіпорындар жеңіл және жүк көліктеріне арналған шиналар, полиэтилен құбырларын, термоқаптамалы және стрейч-пленка және басқа да бұйымдарды шығара бастады. Өнімдердің басым бөлігі елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған», - делінген хабарламада.

Іске қосылған аталмыш жобалар толық қуаттылыққа шыққанда, өндірілген өнім көлемі 110 млрд теңгеге жетуі мүмкін деп болжануда.

Жыл соңына дейін полимер және полиэтилен құбырларын, пластмассадан жасалған бұйымдарды, тамшы таспаларды өндіру бойынша тағы екі жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Жобаларды іске асыру қосымша 110 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Дирекцияның мәліметінше, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру саласындағы инвестициялық портфель 272,8 миллиард теңгені құрайтын 26 жобадан тұрады. Оларды жүзеге асыру шамамен 2,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 16,4 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылу сатысында, олар шамамен 500 жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.  Жобалар аясында құбырлар мен фитингтер, геомембраналар, бір реттік пластикалық ыдыстар, шыныпластика және полимерлік құбырлар өндірілетін болады. Өндірілетін өнімдердің негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталатын болады.

«Бұдан бөлек, шамамен 3 млрд теңгені құрайтын тағы төрт жоба қарастырылуда. Отандық инвесторлармен бірлесіп, сүт өнімдеріне арналған полипропиленнен жасалған стакандар мен кеңсе тауарлары - файлдар, пластикалық папкалар, тіркеушілер өндірісін іске қосу жоспарлануда», - деп нақтылады дирекцияда.

Сонымен қатар, салаға инвестициялар тарту мақсатында республикалық және жергілікті деңгейде арнайы экономикалық аймақтар аясында инвестициялық преференциялар, жеңілдетілген несиелеу шарттары, салықтық жеңілдіктер сияқты қолдау шаралары көрсетілуде.