QazIndustry бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Ағымдағы жылдың 24 қаңтары күні Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев елордалық Tolar Mebel өндіріс цехына барып, жиһаз өндірісінің жұмысымен танысты.
Компанияның арнайы өндіріс базасы бар және ол жоғары сапалы материалдар мен фурнитураны пайдаланады. Кәсіпорын нарықта жеті жылдан астам уақыт жұмыс істеп, 700-ге жуық жобаны іске асырды. Қазіргі уақытта компанияда 15-тен астам маман еңбек етеді.
«QazIndustry орталығы қазақстандық кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтейді. Оған монтаждау және іске қосу жұмыстары, шетелдік мамандарды тарту, қызметкерлерді оқыту, сертификаттау және тағы басқа шығындар кіреді», – деп атап өтті А. Сағиев.
Дирекция басшысы кәсіпорын өкілдеріне қолдау шараларын жан-жақты талқылау үшін QazIndustry-де әр апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері өтетін Ашық есік күніне қатысуды ұсынды.
Еске сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіруге, өндірісті жаңғыртуға және өнімді ілгерілетуге байланысты шығындарының 50%-ға дейінгі бөлігін өтейді. Өткен жылы Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарын өтеу бойынша 1,2 миллиард теңгеге өтінімдерді мақұлдады.
Шығындарды өтеу шарттарымен толығырақ орталықтың ресми сайтындағы «Бизнеске қолдау көрсету» бөлімінен немесе Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17 (Е блогы) мекенжайында әр сейсенбі және бейсенбі күндері өтетін ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.
Қосымша сұрақтар бойынша +7 (7172) 793399 (ішкі. 444) байланыс телефонына хабарласуға болады.
