Өтемақы алуға болатын жабдықтарды анықтады

         QazIndustry қызметкерлерінің негізгі жұмыс бағыттарының бірі – кәсіпорындарға бару арқылы өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру болып табылады. Өткен аптада орталықтың Бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары елордадағы «Тепломарт» ЖШС өндірістік алаңына барып, жұмыс процестерімен танысып, кәсіпорын шығындарының бір бөлігін өтеу мәселелері бойынша кеңес берді.
          «Тепломарт» компаниясы нарықта сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда сумен жабдықтау, жылыту және ауаны баптау жүйелерін орнату жұмыстарымен айналысады.
         Дирекция басшысы Арстанбек Сағиев кәсіпорын технологиялық процестерді жетілдіруге, цифрлық шешімдерді енгізуге, жаңа жабдықтар сатып алуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шығындардың 40% - на дейін өтеуге үміткер бола алатынын атап өтті.
         QazIndustry мамандары кәсіпорындағы 40%-ға дейін (бірақ 60 млн теңгеден аспайтын) өтемақы алуға болатын жабдықтарды анықтады. Өз кезегінде «Тепломарт» өкілдері мемлекеттік қолдауға қызығушылық танытып,  бұл шаралардың олар үшін өндірісті модернизациялауға және тұрақты дамуға ықпал ететінін айтты.

         Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың қаңтар айында кәсіпорындардың 63 млн теңгеден астам сомаға шығындары өтелген.