«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары металл конструкцияларын, аялдама және сауда павильондарын, шағын сәулет нысандарын, есіктер, қақпалар мен қоршауларды дайындауға маманданған «КазСтрой ПГС» ЖШС өндірістік базасына барды.
QazIndustry өкілдері кәсіпорынның өндіріс процесімен танысып, шығындарының бір бөлігін өтеуге болатын жабдықтарды анықтады. Компания екі лазерлік және бір табақ иілгіш станок сатып алуға 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Мамандардың айтуынша, кәсіпорынның QazIndustry арқылы осы жұмсалған шығынның 40 %-н өтеп алуға мүмкіндіктері бар.
Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айынан бастап QazIndustry шағын және орта бизнес субъектілері үшін технологиялық жабдықты сатып алуға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік ынталандыру шараларының жаңа түрін іске қосқан. Бұл кәсіпкерлерге технологиялық паркті жаңарту және жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге және кәсіпорынның энергиялық тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шығындарды өтеу бойынша өтінімдерді www.qazindustry.gov.kz сайты арқылы беруге болады. Сондай-ақ, мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) арнайы Ашық есік күндері өткізіледі.
