Астанадағы EXPO Халықаралық көрме орталығында бояу-лак материалдары мен жабындар саласындағы ең ірі – Central Asia Coatings Show 2025 көрмесі өтуде. Көрмеде Қытай, Үндістан, Түркия, Беларусь, Ресей, Германия, Польша, Сингапур, Италия және Қазақстаннан келген 100-ге жуық жетекші жабын өндірушілері мен жеткізушілері өз өнімдерін ұсынуда.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жетекші салалық қауымдастықтардың қолдауымен өтуде.
Көрме бояу-лак материалдарына, шикізат пен қоспаларға, орау, жабын технологиялары мен қайта өңдеу жүйелеріне арналған. Қатысушылар саланың болашағын анықтайтын тенденцияларды, инновациялық технологияларды, экологиялық бастамаларды талқылайды.
Central Asia Coatings Show көрмесіне QazIndustry өкілдері, атап айтқанда Бизнесті ынталандыру және Тау-кен металлургия кешені және химия саласын дамыту дирекцияларының мамандары қатысты. Олар ұсынылған өнімдермен және қызметтермен танысып, әлеуетті ынтымақтастық мақсатында іскерлік байланыстармен алмасты.
Компания өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен бизнес-конференция аясында лак-бояу өнімдерін өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев баяндады.
«Салалық кәсіпорындар технологиялық процестерді жетілдіруге, жабдықтар сатып алуға немесе өндірісті цифрландыруға бағытталған шығындарының 40 пайызына дейін өтей алады. Өтелген қаражатты одан әрі өндірісті жаңғыртуға пайдалануға болады. Бұл – мемлекет тарапынан нақты қолдау. Оның үстіне қазір бояу-лак материалдары мен жабындар өндірісі белсенді дамып келеді», – деді А. Сагиев.
Конференцияға қатысушылар бұл қолдау түріне қызығушылық танытты. Мемлекеттік қолдау тетіктерін жан-жақты талқылау үшін компания өкілдері әр сейсенбі және бейсенбі күндері Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17 мекенжайы бойынша QazIndustry кеңсесінде өтетін Ашық есік күндеріне шақырылды.