2024 жылы жиһаз өндірісінің көлемі 105,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 27,6 %-ға артты. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
Саладағы нақты көлем индексі 112,6% құрады. Өндірістің өсуіне жатын бөлмеге арналған ағаш жиһаздың (төсек пен шкафтардан басқа) 41,5%-ға және кеңселерге арналған ағаш жиһаздың 11,9%-ға артуы әсер етті.
Өткен жылы жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына 6,8 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды. Экспорт көлемі 16,8 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 18,9%-ға өсті. Өнім негізінен ТМД елдеріне жөнелтілді.
Ішкі нарықтағы жиһаз өнімдерінің тұтыну көлемі 309,8 млрд теңгеге жетті. Отандық тауар өндірушілердің үлесі 31,5% болды. Жалпы салада 1791 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 1785-і – шағын, бесеуі – орта, біреуі – ірі кәсіпорын.
Жиһаз өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіп көлеміндегі үлесі 0,2%-ды, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 0,4%-ды құрады.
