Ағымдағы жылдың 4 наурыз күні ҚР Қаржы министрлігінің Электрондық қаржы орталығы алаңында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі жобасы аясында цифрлық верификация жүйесі таныстырылды. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Рау, депутаттар Дүйсенбай Тұрғанов, Айтуар Қошмамбетов, Мұқаш Ескендiров және Олжас Құспеков шақырылды.
Кездесуге сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов қатысты.
Депутаттар ақпараттық базаның қалыптасу процесімен және тауар өндірушілерді цифрлық верификациялау жүйесінің жұмысымен танысты.
Аталған жүйені «Электрондық қаржы орталығы» АҚ әзірлеген. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған деректерді жинап, кәсіпорындардың өндірістік қызметін растау мақсатындағы талдау жұмыстарын жүргізуді көздейді.
«ЭҚО» АҚ мәліметінше, платформаны әзірлеу жұмыстары жоспарлы түрде кестеге сәйкес жүргізілуде.
Цифрлық верификациялау жүйесін енгізу тауарлардың шығу тегін анықтаудың ашықтығын арттырып, индустриялық саланы дамытуда маңызды құралға айналады деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда қолданыстағы СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты алмастыратын отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізілімі іске қосылады.