QazIndustry мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда

Мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында QazIndustry-ге келіп түсетін өтінімдердің басым бөлігі кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарын өтеуге байланысты. Бұл бағыт бойынша кәсіпорындар өндіріс тиімділігін және қызметкерлердің біліктілігін арттыру, технологиялық процестерді жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және жаңа технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарын өтей алады.

Сонымен қатар, ынталандыру шаралары аясында кәсіпорындарға өз тауарларын, қызметтері мен жұмыстарын ішкі нарықта ілгерілету бағыты бойынша да жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтсақ, кәсіпорындар өнімді сертификаттауға немесе таңбалау үшін қажетті жабдықты сатып алуға кеткен шығындарын өтей алады.

QazIndustry-дің бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында елордадағы өндіріс орындарының біріне барды.

«Oil еco» компаниясы пайдаланылған өсімдік майын қайта өңдеп, лак-бояу материалдарына арналған техникалық май, биодизель және мал азығын өндіреді. Бұл зауыт – Қазақстанда «Ғылым қоры» АҚ мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қолдауымен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасы аясында құрылған алғашқы кәсіпорын. Өндіріс экологиялық таза, себебі мұнда қауіпсіз әрі инновациялық технологиялар қолданылады.

Кәсіпорын өнім сапасын растайтын сертификатты алуды күтуде. Сертификат алғаннан кейін компания QazIndustry арқылы мемлекеттік өнеркәсіптік ынталандыру шеңберінде технологиялық процестерді жетілдіруге жұмсалған шығындарын өтеуді жоспарлап отыр. Дирекция өкілдері зауыттың бұл шығындардың 40%-ына дейін өтемақы ала алатынын түсіндірді. Толығырақ түсіндіру және есептеу үшін зауыт басшылығы әр сейсенбі мен бейсенбіде QazIndustry орталығында өтетін Ашық есік күндеріне шақырылды.

Біздің қызметтермен танысу үшін келесі сілтеме арқылы өтіп, ақпарат алыңыздар: https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support