Қазақстанда Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілуде. «Наурызнама» декадасы аясында он күн бойы елімізде түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай кең көлемдегі мерекелеу ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ата-бабаларымыздың даналығын бейнелейді.
20 наурызда QazIndustry ұжымы Наурыз мерекесін атап өтті. Ұжымда ең үздік тақырыптық безендіру, ұлттық киім үлгілері және ұлттық тағам түрлеріне байланысты түрлі байқаулар ұйымдастырылды.
Таңертеңнен бастап бөлім қызметкерлері кабинеттерін ұлттық стильде безендіріп, ұлттық тағам түрлерін ұсынды. Қызметкерлер арасында домбырада күй ойнау, поэзия оқу, орталық қызметкерлерінің балаларының тақырыптық суреттері және тағы басқа да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Басқарма басшылығынан құралған комиссия мүшелерін әріптестері ұлттық киімде қарсы алып, оларға қазақ дәстүрлері таныстырылды.
Наурызнама онкүндігі бойынша 20 наурыз «Ұлттық спорт күні» болып белгіленген. Осыған орай кейбір дирекцияларда ұлттық спорт түрлеріне басымдық беріліп атап өтілді. Қызметкерлер асық ойнап, гір тасын көтеруден сайысты.
Байқау жеңімпаздары дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды.
