QazIndustry ресми порталы қазақстандық кәсіпкерлер үшін сенімді ақпарат көзі болып табылады. Біздің сайт арқылы олар өнеркәсіптің даму бағыттары мен индустриядағы жаңа трендтер туралы біле алады. Ең бастысы, бизнесті қолдау шаралары жөніндегі өзекті ақпаратқа қол жеткізіп, мемлекеттік ынталандыру шараларын алған кәсіпорындармен таныса алады.
Жақында біздің кеңсеге құрылыс саласында жұмыс істейтін алматылық Capital Invest Construction компаниясының өкілдері келді. Олар ресми сайттан фиброцементті қасбеттік тақталарды бояуға арналған технологиялық желіні сатып алу шығындарын өтеу мүмкіндігі туралы жарияланған ақпаратпен танысып, бірден QazIndustry орталығына жүгінді. Қазіргі уақытта компания өз зауытын ашуға дайындалып жатыр және шығындарының бір бөлігін, соның ішінде технологиялық жабдықты сатып алуға кеткен шығындарды өтеу оларға жақсы мүмкіндік және қолдау екенін айтуда.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев кәсіпорын өкілдеріне шығындарды өтеу шарттары жайлы түсіндіріп берді.
«Кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алуға, цифрлық технологияларды енгізуге, өнімді сертификаттауға, шетелдік мамандарды тартуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға жұмсалған шығындарының 40 пайызына дейін өтемақы ала алады. Бұл, әсіресе, жаңа өндірістер үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін нақты қолдау. Ынталандыру шаралары аясында бірқатар маңызды жайттарды ескерген жөн. Мысалы, шығындарды өтеу бойынша қарастырылатын кезең – екі жылды құрайды. Яғни, өтемақы кәсіпорын өтінім берген күннен бастап соңғы 24 ай ішінде жұмсалған қаражатқа ғана қатысты қарастырылады. Өтемақы мөлшері төлем құжаттары мен орындалған жұмыстар актісінің негізінде есептеледі», – деп атап өтті А. Сағиев.
Сондай-ақ, кәсіпорынға басқа мемлекеттік даму институттары бөлген қаражаттың өтелмейтіні айтылды.
Өз тарапынан Capital Invest Construction өкілдері QazIndustry ұсынатын қызметтерге қызығушылық танытты. Кәсіпорынға түсіндіру жұмыстары әрі қарай жалғасады.
Айта кетейік, Қазақстандық индустрия және экспорт орталғы сайтында мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындардың табысты тәжірибелері тұрақты түрде жарияланып отырады. Материалдармен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз https://qazindustry.gov.kz/ru/articles/uspeshnye-istorii.
