«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының өкілдері өңірлерге барып, өнеркәсіпті қолдау шараларын таныстыруды жалғастыруда. Олар кәсіпорындарға барып, өндіріс процесімен танысып, өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған мемлекеттік ынталандыру шаралары аясындағы шығындардың бір бөлігін өтеу мәселелері бойынша кеңес беруде.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына барып, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалдары базасында шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Мамандар мемлекеттік қолдау шараларын алу тетіктері мен рәсімдерін түсіндіріп, өтінімдерді дайындау және құжаттарды рәсімдеу бойынша кеңес беріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Ақтөбе облысында QazIndustry қызметкерлері «Молочные истории-А» ЖШС, «Akshatau.kz» және «Ақтөбе құбыр зауыты» кәсіпорындарына барып, өндірістік процестерімен танысты. Кәсіпорындардың алғашқы екеуі сүт және сүт өнімдерін өндіруге маманданса, үшіншісі болат құбырларын шығару бағытында.
Кәсіпорындарға бару барысында технологиялық процестерді жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, өндіріс тиімділігін жақсарту және ынталандыру шаралары аясындағы өтелуі мүмкін өзге де мәселелерге байланысты шығындар анықталды.
Батыс Қазақстан облысында QazIndustry өкілдері алты кәсіпорында болды – «Газ жүйелері зауыты» ЖШС, «Құрылыс комбинаты», «Орал құю-механикалық зауыты», «Condo Loft Studio», «Сила Воли - Күш Жігер» ЖШС және «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ. Бұл кәсіпорындар газ жабдықтарын, құрылыс материалдарын, тоқыма және жиһаз өнімдерін, металдарды механикалық өңдеуді өндіруге маманданған. Мұнда да мемлекет тарапынан өтелуі мүмкін шығындар анықталды.
Кәсіпорындармен жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады.