Қазақстанда металлургиялық өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу бойынша алты жоба іске қосылады

Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу экологиялық тепе-теңдікті сақтауда, қоршаған ортаның ластануын азайтуда және ресурстарды тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.

Елде қалдықтарды қайта өңдеу және жою бойынша индустриялық жобалар қарқынды дамып келеді. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсімге серпін береді. Қазіргі уақытта жалпы құны 202,7 млрд теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде 3900-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.

«Металлургиялық өндірістердің өнеркәсіптік қалдықтарын қайта өңдейтін алты жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар аясында түпкілікті өнім ретінде түсті металдар концентраттары – мыс, мырыш, хром, қорғасын, сондай-ақ қара металл сынықтары, арматура және басқа да өнімдер өндірілетін болады. Аталған жобаларды жүзеге асыру отандық металлургияның дамуына айтарлықтай үлес қосады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша халық тұтынатын өнімдер өндіру жобасының іске қосылуы жоспарланған. Бұл жобаның аясында ПВД және ПНД гранулалары, стрейч-гранулалар, полиэтиленді пленка, қақпақтары бар шелектер, пластмассадан жасалған құрылыс бөлшектері, гофрокартон, қоқыс жәшіктері, еуроподдондар, қағаз сүлгілері мен дәретхана қағазы өндірілетін болады. Бұдан бөлек, шыны ыдыстарды қайта өңдеу және шыны сынықтарын жою бойынша үш жобаның іске қосылуы жоспарлануда.

Сондай-ақ, дирекцияның мәліметінше, өнеркәсіптік ластанулардан ауаны тазартатын зауыт салу жоспарлануда. Бұл металлургиялық өндірістерге жақын аймақтардағы халықтың денсаулығына оң әсер етеді.

Сонымен қатар, крахмал өңдеу қалдықтарынан жемдік ашытқы өндірісін және ет пен балық өндірісінің қалдықтарынан ет-сүйек ұнын шығару жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Айта кетейік, бұған дейін салаға 50,8 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту арқылы қалдықтарды қайта өңдеу және жою бойынша жеті жоба іске асырылған. Осы жобалардың нәтижесінде 712 тұрақты жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, өндірістік шламдарды хром оксидтеріне қайта өңдеу, бағалы металл шлактарынан қара қорғасын алу, күріш қабығын энергетикалық отын брикеттеріне қайта өңдеу және басқа да маңызды бастамалар бойынша жобалар жүзеге асырылды.

Жалпы, дирекцияның атап өтуінше, осы жобалардың барлығы Қазақстанда экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында экологиялық таза өндірістер құруда маңызды рөл атқарады.