Машина жасау саласы – Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі, оның үлесі 19% құрайды. 2024 жылғы мәліметке сәйкес, саланың өндіріс көлемі 4,6 трлн теңгеден асып, нақты өндіріс көлемінің көрсеткіші 109,7% болды.
Салада тұрақты өсім байқалады. Соңғы бес жылда өндіріс көлемі ақша жағынан 2,5 есе артқан, ал нақты өсім 2020 жылмен салыстырғанда 90,4% құрады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясы хабарлады.
Қазақстандағы машина жасау саласы алты негізгі бағыт бойынша дамып келеді:
-автокөлік жасау;
-теміржол, кеме және басқа да көлік құралдарын шығару;
-электр жабдықтары мен түрлі техника өндіру (ауыл шаруашылығы техникасы, мұнай-газ саласына арналған жабдықтар, құрылыс пен тау-кен өндірісіне қажет машиналар және т.б.);
-компьютерлер, электрондық және оптикалық құрылғылар шығару;
-машиналар мен жабдықтарды жөндеу.
Ақшалай есепте ең үлкен үлесті автокөлік жасау (саладағы үлестің 41%) мен машиналар мен жабдықтарды жөндеу (24%) алып отыр.
2024 жылы басқа көлік құралдарын өндіруде ең жоғары өсу қарқыны тіркелді. Бұл үрдіс «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан теміржол локомотивтеріне, жолаушылар және жүк вагондарына сұраныстың артуына байланысты болды.
Машиналар мен жабдықтарды өндіру секторында, басқа топтамаларға кірмейтін өнімдер бойынша, өндіріс көлемінің көрсеткіші 122,1% . Бұл өсім ауыл шаруашылығы үшін бекіту арматурасы, мойынтіректер мен тракторлар өндірісінің артуына байланысты.
Электр жабдықтарын өндіруде тұрақты оң динамика байқалады. Өсімнің негізгі себептері трансформаторлық жабдық, кабельдер мен сымдар, сондай-ақ аккумуляторлық батареялар өндірісінің артуы болды.
Электрондық өнеркәсіп машина жасау саласында ең аз үлеске ие (1,5%), бірақ компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісінің нақты көлем индексі (НКИ) 165,1%-ға жетті. Көрсеткіштің өсуіне коммутациялық жабдықтар өндірісінің артуы, Алматыда теледидарлар, есептегіштер және компьютерлерді өлшеуге, құрастыруға арналған басқа да құрал-жабдықтар өндірісінің іске қосылуы әсер етті.

2024 жылы салаға инвестициялар айтарлықтай артты – 282,8 млрд теңге, бұл өткен жылдың деңгейінен 2,4 есе көп. Оң көрсеткіштер, негізінен, Қостанайда «СарыаркаАвтоПром» ЖШС және KIA, сондай-ақ Алматыда «Астана-Моторс» мотор компаниясы ЖШС жеңіл автокөліктер өндірісі бойынша жобаларды іске асыруға байланысты, автокөлік жасау секторына бағытталған инвестициялардың 4,9 есеге (189,8 млрд теңгеге дейін) ұлғаюымен түсіндіріледі.
2025 жылы сала өндірісінің оң серпіні күтілуде. Қаңтар-ақпан айларында машина жасау өндірісінің көлемі 16,1%-ға артып, 686,9 млрд теңгеге жетті, ал нақты көлем индексі (НКИ) 118,2% болды. Алайда сарапшылар 2024 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының баяулауын жоққа шығармайды. Жалпы экономикалық және геосаяси жағдайдың нашарлауы, ақша-несие саясатының қатаңдауы тұтынушыларды машиналар мен жабдықтарды жаңартуды кейінге қалдыруға, негізгі экспорттық нарықтардағы сұраныстың төмендеуіне және басқа да факторларға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, өндірістік көрсеткіштерге еліміздегі энергетика саласына арналған машина жасау өнімдеріне сұраныстың артуы оң әсер етуі мүмкін. Бұл ұлттық жобаның іске асырылуына байланысты, оның мақсаты – энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізу. Тізілімді енгізу мемлекеттік сатып алуларға шынайы өндірушілердің қол жеткізуін кеңейтіп, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік береді.
Осылайша, жоғарыда аталғандардан бөлек, 2025 жылға үлкен жобалардың іске қосылуы жоспарланған. Олардың ішінде Қостанайдағы «KamLitKZ» ЖШС жүк көліктерінің құрамдас бөліктерін өндіру, Алматы облысындағы «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» ЖШС тұрмыстық техникаларды өндіру өндірісін жаңғырту, Қарағанды облысындағы «Silk Road Electronics» ЖШС Samsung тұрмыстық техникаларын өндіру, Атыраудағы «ТексолТранс» ЖШС жүк вагондарын өндіру, сондай-ақ Петропавлдағы «ЗИКСТО» ЖШС платформалы вагондар мен жолаушылар вагондарын өндіру жоспарланып отыр.
