Машина жасаушылар форумы аясында ТМК кәсіпорындарының сатып алуларындағы елішілік құндылықты дамыту мәселелері талқыланды

Ағымдағы жылдың 24-25 сәуірінде Астанада өткен Қазақстан машина жасаушыларының XII форумы аясында «Тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының сатып алуларындағы елішілік құндылықты дамыту» тақырыбындағы панельдік сессия өтті. Панельдік сессияны «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұйымдастырды.

Сессияға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар Qarmet, KazMinerals, «Қазақмыс», ERG топ-менеджерлері, сондай-ақ «Қарағанды құю-машина жасау зауыты» мен Lukoil Central Asia өнеркәсіптік кәсіпорындарының және өзге де  бірқатар бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар тау-кен металлургия кәсіпорындарының сатып алудағы елішілік құндылықты дамыту бойынша негізгі бағыттарын талқылады. Жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу процестеріне қатысуды кеңейту, импортты алмастыру бағдарламаларын іске асыру және өнім жеткізу тізбегіне шағын және орта бизнесті тарту жөніндегі жұмыстардың нәтижелері мен жоспарлары туралы ақпарат берді.

Отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісім-шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау экономиканың дамуында маңызды қадам болып табылады. Әсіресе, бұл бағытта тау-кен-металлургия кешені компаниялары белсенді жұмыс істеуде.

Сессия аясында Қазақстан машина жасаушылар одағы мен «ERG Коммерциялық орталығы» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. Бұл тау-кен кешеніндегі жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық машина жасау өнімдерін өндірушілер арасындағы ірі тапсырыс берушілердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға жасалған кезекті қадам болды.

Айта кетейік, Қазақстан машина жасаушыларының XII форумына Австрия, Бразилия, Германия, Италия, Қытай, Түркия, Ресей және басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, 20-дан астам елден қатысушылар жиналды. Форумға 1500-ге жуық сала сарапшылары, тауар өндірушілер, мемлекеттік құрылымдар өкілдері, Қазақстан машина жасаушылар одағы мен басқа да салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.