Астанада KIT халықаралық қауымдастығына мүше кәсіпкерлерге арналған «Бизнесті мемлекеттік қолдау құралдары» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, QazTrade, QazIndustry, Qazaqstan Investment Corporation, Qazpatent, Қазақстан стандарттау және метрология институтымен бірлесіп, «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен ұйымдастырды.
«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев кәсіпкерлерге өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпорындардың шығындарын өтеу мүмкіндіктері туралы айтып берді.
«Біздің орталық кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және тауарларын, қызметтері мен жұмыстарын ішкі нарықта ілгерілетуге жұмсалған шығындарының 40 пайызына дейінін өтейді. Өткен жылы біз еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарды өтеу бойынша 1,2 миллиард теңге сомасында өтемақы беруге өтінімдерді мақұлдадық», – деп атап өтті QazIndustry өкілі.
Сондай-ақ, кездесуге қатысқан кәсіпкерлер әр сейсенбі және бейсенбі күндері Астана қаласында, Қабанбай батыр даңғылы 17, Е блогы мекен-жайы бойынша орналасқан QazIndustry ғимаратында өтетін Ашық есік күндеріне қатысуға шақырылды.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толығырақ https://qazindustry.gov.kz/ru/business_reimbursement сілтемесі арқылы танысуға болады.