Ағымдағы жылдың 20–30 сәуір күндері аралығында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының өкілдері жұмыс сапарымен Қызылорда және Түркістан облыстарына, сондай-ақ Шымкент қаласына барды. Іссапар барысында олар жергілікті әкімдіктердің және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізіп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді. Негізгі мақсат – өнеркәсіптің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу аясында кәсіпорындар арасында сауалнама өткізу және мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру болды.
Қызылорда облысында QazIndustry қызметкерлері алты жеке кәсіпорынның жұмысымен танысты. Атап айтқанда, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаратын «Қызылорда-Нан», құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін «Вега-Пром», Қазақстандағы алғашқы әрі Орталық Азиядағы ең ірі флоат-әйнек өндіру желісі бар «Orda Glass» зауыты, құрылыс материалдарын шығаратын «Altyn Bricks», тігін өнімдерін дайындайтын «Dalatex» фабрикасы және бетоннан жасалған қоршаулар мен ұсақ бұйымдарды өндірумен айналысатын ЖК «Садвакасов Ж.» кәсіпорындарында болды.
Түркістан облысында мамандар жеті өндірістік нысанда болды. Олар – корпусты және жұмсақ жиһаз шығаратын «СП Туран-Мебель» ЖШС, мата мен тоқыма өнімдерін өндіретін «СП Turkestan Textile», жаңбырлатып суғару қондырғылары мен тракторлар жасайтын «BNK Group», металл сымнан арматуралық және қоршау торларын шығаратын «Kaztor», жүгері өнімдерін өндірумен айналысатын «Алихан Ата» жеке кәсіпкерлігі, бетон өнімдерін өндіретін «Алем Бетон-1», сондай-ақ құрылыс саласында жұмыс істейтін «Techtronic-Stroy» компаниялары.
Шымкент қаласында ішкі және сыртқы есіктерді шығаратын «MDS DOORS» ЖШС, металл есіктер мен терезелер өндіретін «Alliance Buildings» компаниясы, турникеттер өндіру саласында жұмыс істейтін «Trade Service Co», ұннан жасалатын және кондитерлік өнімдер шығаратын «Сайрам Нан», сондай-ақ кеңсеге арналған корпус және жұмсақ жиһаз өндіретін «Baia Holding» кәсіпорындарына барды.
Сонымен қатар, кездесулер барысында отандық өңдеу өнеркәсібінің даму мәселелеріне қатысты сауалнама жүргізілді. Оның негізгі мақсаты – өңірдегі индустриялық ахуалды бағалау және технология, шикізат, кадр мәселелері мен мемлекеттік қолдау шараларына байланысты проблемалық мәселелерді анықтау болды. Сауалнама нәтижелері Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын өнеркәсіптің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу барысында пайдаланылатын болады.
Жалпы іссапар аясында өнеркәсіптік кәсіпорындардың QazIndustry-мен ынтымақтастығын қалыптастыру, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндіктері және олардың мемлекеттік ынталандыру шараларына қатысу мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.






