Өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шаралары түсіндірілді

QazIndustry өкілдері өнеркәсіптік кәсіпорындарға барып, өндіріспен танысып, кәсіпорындарға арналған мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев пен ТМК және химия саласын дамыту дирекциясының бас сарапшысы Салтанат Уйсимбаева елордадағы үш кәсіпорынға барып, өндіріс процесімен жақынырақ танысты.

«Энергоатом» компаниясы энергетика, құрылыс, медицина және өнеркәсіп сияқты түрлі салаларда еңбек ететін мамандарға арнап қорғаныш костюмдері, арнайы формалар, ыстыққа төзімді және ылғалдан қорғайтын киімдер шығарады. Қазақстанда бұл — ПВХ материалдарынан жасалған, химиялық және радиациялық әсерден қорғайтын арнайы киім өндіретін жалғыз кәсіпорын. Сонымен қатар, аталған компания елімізде алғаш болып жоғары концентрациядағы қышқылдар мен радиоактивті аэрозольдерден сенімді қорғайтын арнайы пластик материалды қолдана бастаған.

Кәсіпорында сегіз адам жұмыс істейді. Өндіріс толығымен автоматтандырылған: лазерлік қайшылар өрнектерді кесіп, 3D станоктары қорғаныс костюмдерінің бөлшектерін жоғары жиілікті дәнекерлеумен біріктіреді, бұл өнімнің беріктігін қамтамасыз етеді.

StroyGood компаниясы құйма темірбетон және бетон конструкциялары бұйымдарын шығарады. Жақында кәсіпорын жаңғыртудан өтті және болашақта өндірісті цифрландыруды жоспарлап отыр.

«Технологиялық жабдық сатып алу және іске қосу-жөндеу жұмыстарына жұмсаған шығындардың бір бөлігін қайтара алатынымызды, және цифрландыру бағыты бойынша да қаржылай көмек ала алатынымызды білгенде қатты қуандық. Біз алғаш рет QazIndustry-ге жүгініп отырмыз және бізге бүгін ынталандыру шараларын толық түсіндірі, барлық сұрақтарымызға толық жауап алдық. Енді шығындарды өтеуге арналған құжаттарды дайындай бастаймыз», – деді компанияның директоры Ахан Алишев.

Кездесуде шығындардың бір бөлігін өтеу үшін маңызды шарттардың бірі – қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын кәсіпорындардың салық аударымдарының өсім көрсетуі екені атап өтілді. Үш жылдан аз уақыт жұмыс істейтін кәсіпорындарға бұл шарт қолданылмайды.

«Sat Profil» ЖШС құрылыс және машина жасау салаларына арналған дайын металл бұйымдары мен жартылай фабрикаттарды өндіруге маманданған. Компания нарықта небәрі екі жыл жұмыс істегеніне қарамастан, тапсырыс берушілер арасында өзін адал өндіруші ретінде танытты. Кәсіпорынның өнімдері елордадағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептердің құрылысында қолданылуда.

«Кәсіпорындар шығындарының 40-50 пайызын өтей алады, оған технологиялық жабдықты сатып алу, монтаждау және іске қосу жұмыстары, шетелдік жұмысшыларды тарту, қызметкерлерді оқыту, сертификаттау және цифрландыру шығындары кіреді. Өтеу сомасы 60 миллион теңгеден аспайды», – деп түсіндірді А. Сағиев.

Кәсіпорын өкілдері әр сейсенбі және бейсенбі күндері Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы мекенжайындағы QazIndustry ғимаратында өтетін Ашық есік күндеріне шақырылды.