Алдағы үш жылда Қазақстанның алтын өндіру саласында жалпы құны 780 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Аталмыш жобалар аясында 3400 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.
«2025 - 2028 жылдар аралығында жүзеге асатын жобалар аясында 20,6 миллион тонна кен өңделіп, 21 тонна Доре қорытпасы өндіріледі», – делінген хабарламада.
Саладағы айтарлықтай даму қарқыны Қазақстанның әлемдік қымбат металлдар нарығындағы орнын нығайта түсуге мүмкіндік береді. Еліміздің бай табиғи ресурстары, соның ішінде ірі алтын және басқа да бағалы металл кен орындарының болуы Қазақстанды алтын өңдеу саласына қызығушылық танытқан инвесторлар үшін тартымды алаңға айналдырып отыр.
Жалпы, соңғы он жылда елде кен байыту комбинаттарын салу, жаңғырту және кеңейту бағытында 19 жоба іске асырылды. Олардың жылдық кен өңдеу қуаты – 27,2 миллион тонна, бұл шамамен 29,1 тонна Доре қорытпасын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл жобалардың жалпы құны 420,3 миллиард теңгені құраса, салынған инвестиция көлемі шамамен 460 миллиард теңге болды. Аталмыш жобалардың нәтижесінде 4400 жаңа жұмыс орны ашылды.
Іске асқан жобалардағы инвестициялардың басым бөлігі алтын өндіру фабрикаларын салуға бағытталған. Соның ішінде Ақмола облысындағы «Райгородок» кен орнында жылына 5 миллион тонна кен өңдейтін кешен («RG Gold» және «RG Processing» ЖШС), сондай-ақ Абай облысындағы «Бақыршық» кен орнында жылына 2 миллион тонна кен өңдейтін өндіріс («Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС) бар.
Жобалардың басым көпшілігі Ақмола және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Ал инвестиция көлемі бойынша Павлодар (27,7%) және Ақмола (18,8%) облыстары алда келеді.
Қазақстандағы алтын өндіру саласындағы инвестициялық жобалар тұрақты дамып келеді және стратегиялық маңызға ие. Жоғары технологиялы өндірістердің өсуі, халықаралық әріптестік және мемлекеттік қолдау саланың әрі қарай дамуына және оны жаһандық нарыққа шығаруға берік негіз қалайды.
