Ағымдағы жылдың 26 мамыры күні QazIndustry алаңында Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізіліміне көшу мәселелері бойынша Zoom форматында онлайн-кездесу өтті. Іс-шараға жеңіл өнеркәсіп саласының 80-ге жуық өкілі қатысып, жүйенің жұмыс істеу қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін, цифрлық растау үдерістерін, оны қолдану тәртібі мен процестерді жетілдіру жолдарын талқылады.
Аталған бірыңғай цифрлық платформа СТ-KZ сертификаты мен индустриялық сертификаттың орнын алмастыратыны атап өтілді. Қолданыстағы сертификаттар өтпелі кезең аяқталғанға дейін, яғни 2026 жылғы 1 қаңтарына дейін қатар қолданылатын болады.
Мұндай жұмыс форматындағы талқылаулар алдағы уақытта өнеркәсіптің басқа салаларының өкілдерімен де жалғасын табады. Талқылаулар барысында өзара іс-қимылдың нақты бағыттары мен тетіктері пысықталатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Құжат отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған бірқатар жаңашылдықтарды, соның ішінде Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құруды көздейді.
