Telli Ondiris: «Мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында ертеңге сеніммен қараймыз»

Қазақстандық кәсіпорындар өз қызметтерін жетілдіруге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шараларын алуды жалғастыруда. Мұндай мүмкіндіктер өндірістік процестерді одан әрі дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ынталандырады.

2024 жылы қазақстандық кәсіпорындар үшін технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалған қаражаттың бір бөлігін өтеу бойынша қосымша мемлекеттік қолдау механизмі енгізілді. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары осы бағытта жұмсалған шығындарының 40 %-на дейін өтемақы ала алады.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Алматыдағы косметика өндіретін Telli Ondiris зауыты технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған  шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік алды. Өтелген қаражат сомасы 60 млн теңгені құрады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты — 30 млн данаға дейін органикалық және табиғи косметика шығарады. Зауыт өз брендтерінен бөлек, тұтынушының жеке брендіне сәйкес те өнім шығарады.

Жанкет Баймағамбетова, «Telli Ondiris» ЖШС директорының бизнес-операциялар жөніндегі орынбасары:

«Біз өндірісті өткен жылы іске қостық. Бұл – ISO 22716 (GMP) халықаралық стандартына сәйкес келетін  еліміздегі алғашқы косметикалық зауыт. Мемлекет тарапынан кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігі өтелетінін біліп, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына жүгіндік. Нәтижесінде орталық бізге косметикалық кремдер шығаратын желіні сатып алуға кеткен шығынның 60 миллион теңгесін өтеп берді. Бұл қаражатты біз қосымша жабдық алуға бағыттадық.

Стартаптар айтарлықтай және тұрақты инвестицияларды қажет етеді, бұл ретте мемлекеттік қолдау – өте тиімді әрі маңызда құрал. Шығындарды өтеу – кәсіпорындардың болашақтағы жаңғырту жұмыстарын жоспарлап, тұрақты дамуына жол ашатын нақты мүмкіндік. Қазір зауытта 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Біз өнім түрлерін кеңейтіп жатырмыз, ал тауарларымыз шетелде де сұранысқа ие. Ең бастысы – осындай қолдау тетіктерінің арқасында біз ертеңгі күнімізге сеніммен қараймыз».