Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) – инвестиция тарту, өндірісті өркендету және жаңа жұмыс орындарын ашуда тиімділігін дәлелдеген жүйе. Қазіргі таңда ел аумағында 16 АЭА жұмыс істейді. Әрқайсысы резиденттеріне салықтық жеңілдіктерден бастап, толық дайын инфрақұрылымға дейін ерекше мүмкіндіктер ұсынады.
АЭА режимі енгізілгелі бері Қазақстанда 423 жоба жүзеге асырылып, 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы өндіріс көлемі 11,2 трлн теңгеден асты. Бірақ бұл құрғақ сандардың артында осы аймақтарда жұмыс істеп, нақты нәтижеге қол жеткізген кәсіпкерлер мен компаниялардың өмірлік оқиғалары жатыр. QazIndustry АЭА мен ИА дамыту дирекциясы сондай үш жарқын мысалды ұсынды.
Зертханадан – тұрақты өндіріске дейін: «БО-НА» компаниясының тарихы;
«БО-НА» компаниясы өз жұмысын 1998 жылы университет ғалымдарымен бірлесіп дезинфекциялық құралдар әзірлеуден бастады. Алайда он жылдан астам уақыт ішінде бұл бағыт нақты өндіріске айнала қойған жоқ. Жағдай 2011 жылы түбегейлі өзгерді – кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының резиденті атанды.
Бұл аймақта резидент атану компанияға үлкен серпін берді – химия өнеркәсібі өнімдерін өндіруге мүмкіндік туып, даму кезеңі басталды. 2022 жылы өндіріс көлемі 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп, 5,66 млрд теңгеге жетті. Компания 52 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өз өнімін Ресей мен Қырғызстанға 1,6 млн теңгеге экспорттай бастады.
Қалдықтан – экспорттық өнімге: «Металлогамма» ЖШС табысы
Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) бизнестің дамуын жеделдетіп қана қоймай, оның «жасыл» бағытқа көшуіне де мүмкіндік береді. Мұның айқын мысалы – 2004 жылы тіркеліп, 2017 жылдан бастап «Павлодар» АЭА-ның қатысушысы атанған «Металлогамма» компаниясы. Кәсіпорынның көмір энергетикасынан қалған техногендік қалдықтарды алюмосиликатты қуыс микросфераларға қайта өңдеу жобасы – экологиялық тиімділік пен жоғары экспорттық әлеуетті ұштастыра білген жоба.
Егер 2017 жылы өндіріс көлемі 20 млн теңге шамасында болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 200 млн теңгеге дейін өсті. Жалпы өндіріс көлемі 9,4 млрд теңгені құрады, оның 8,5 млрд теңгесі экспортқа жіберілген — Ресей, Польша, Германия және Испанияға. Кәсіпорын 42 қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдегі инновациялық қайта өңдеу саласының көшбасшыларының біріне айналды.
Макулатура – өсудің мүмкіндігі: «Shymkent Qagazy» ЖШС тәжірибесі
Бүгінгі жаңа экономика тұрақты даму қағидаттарына көбірек сүйеніп құрылуда. Осы бағыттың жарқын мысалы – 2019 жылдан бері «Оңтүстік» АЭА-ның резиденті болып табылатын **«Shymkent Qagazy» ЖШС**. Компания макулатураны қайта өңдеп, гофроқаптама жасауға арналған қағаз бен картон шығарады.
2020 жылы кәсіпорын іске қосылғаннан кейін, ол АЭА ұсынатын салықтық және инфрақұрылымдық жеңілдіктермен қатар, «QazIndustry» АҚ бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдауға да ие болды. Аталған бағдарлама шеңберінде жабдықтар мен қызметкерлерді оқытуға жұмсалған 58 млн теңге өтелді. Қазіргі таңда компанияда 23 адам жұмыс істейді, ал жобаның екінші кезеңінде тағы 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашу жоспарланып отыр.
2024 жылы шығарылған өнім көлемі 1,47 млрд теңгені құрады, оның 22%-дан астамы экспортқа жөнелтілді, негізінен — Өзбекстанға. Алдағы жоспарлар қатарында Түркия нарығына шығу және басқа да шетелдік бағыттарды игеру бар.
«БО-НА», «Металлогамма» және «Shymkent Qagazy» — АЭА мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы компаниялардың тек аман қалуға емес, түбегейлі жаңа деңгейге шығуына болатынын дәлелдейтін нақты мысалдар. Бұл жобаларда экономикалық тиімділікпен қатар, жұмыс орындарының ашылуы, инновациялар мен экспорттық әлеует қатар өркендеуде.
Бүгінде Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар — бұл жай ғана жеңілдіктер мен арнайы аумақ емес, бұл — өршіл идеяларға нақты жүзеге асатын орта ұсынатын өсу экожүйесі.
