Power Central Asia-China 2025 форумы аясында мемлекеттік ынталандыру шаралары таныстырылды

    Астанада «Орталық Азия-Қытай» саммитінің ресми бағдарламасы аясында ҚР Энергетика министрлігінің ұйымдастыруымен Power Central Asia-China 2025 атты алғашқы өңірлік энергетикалық форумы өтті. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан мен Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларының басшылары қатысты.

Спикерлер энергетика саласының дамуына қатысты стратегиялық көзқарастарын, өңірлік ынтымақтастықтың маңызын, су-энергетикалық қауіпсіздік, декарбонизацияны және индустрияландыру мәселелерін талқылады.

Панельдік сессиялардың бірінде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев сөз сөйледі. Ол өнеркәсіпті ынталандыру шараларын таныстырып, сәтті жүзеге асқан жобалар жайлы айтып берді.

«QazIndustry еңбек өнімділігін арттыру мен өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындардың 50 %-на дейін өтеуге көмектеседі. Өткен жылдың мамыр айынан бастап, біз кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсаған шығындарын өтеуді бастадық. Ол жерде  3D-сканерлер мен принтерлер сияқты заманауи жабдықтарды мысал ретінде айтуға болады. Бұл жаңа қолдау тетігі кәсіпорындарды техникалық жабдықтарын жаңартуға ынталандырады және өз кезегінде өндірістік көрсеткіштердің артуына әсер етеді. Жаңа қолдау шарасы іске қосылғалы бері орталық кәсіпорындарға 1,1 миллиард теңгеден астам қаржыны өтеді», – деп атап өтті спикер.

Сессияға қатысушылар мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты ақпараттарға өз қызығушылықтарын танытты. Аталмыш қолдау шаралары жөнінде толығырақ ақпарат алу мақсатында қатысышулар QazIndustry кеңсесіне (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы)  әр сейсенбі және бейсенбі күндері өткізілетін ашық есік күндеріне шақырылды.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы бес айында QazIndustry кәсіпорындардың 300 миллион теңге көлеміндегі шығындарын өтеуге өтінімдерін мақұлдады.