QazIndustry Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста баяндама жасады

QazIndustry Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы машина жасау кеңесінің отырысына қатысты. Орталық мамандары аталмыш кездесуге машина жасау саласындағы кәсіпорындарға 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылатын қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай Тізілімі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында шақырылған.

Кездесуге «QazIndustry» АҚ Ірі кәсіпорындардың  айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының басшысы Жакупова Жансая онлайн түрде қатысып, кәсіпкерлерге алдағы уақытта енгізілетін Тізілімнің қалай жұмыс істейтіні және оның іске қосылуымен бірге тауар өндірушілерді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайында айтып берді.

Спикердің айтуынша, жаңа цифрлық платформа СТ-KZ және Индустриалдық сертификаттарды ауыстырады. Бұл кәсіпкерлер үшін артық құжат жинау мен қосымша шығындарды азайтып, рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ал қолданыстағы сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни өтпелі кезең аяқталғанға дейін қолданыста болады.

Іс-шара барысында QazIndustry өкілі қатысушылардың сұрақтарына толық жауап берді.

Айта кетейік, отырыс Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен өтті. Кездесуге облыс әкімдігінің, «Атамекен» ҰКП қалалық филиалымен Қазақстан машина жасаушылар одағының өкілдері, қаржы институттары, сондай-ақ «Қазақмыс» және Qarmet сияқты жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты.