QazIndustry өкілдері Маңғыстау облысының кәсіпкерлерімен кездесті

«QazIndustry»  Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Экономикалық интеграция, Бизнесті ынталандыру және Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекцияларының өкілдері жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Сапар барысында олар Ақтау қаласында өткен бизнес-форумға қатысып, кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, бірнеше өндіріс орындарын аралады.

         Бизнес-форумды «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі аясында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Іс-шара барысында QazIndustry өкілдері өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мүмкіндіктер туралы айтып берді.

         Кездесу барысында қатысушыларға кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары аясында шығындарының 40–50 % - на дейін өтеу мүмкіндігі бар екені айтылды. Сонымен қатар, олар қолдауға қалай қол жеткізуге болатыны туралы нақты, жеке кеңес алды. Бұған қоса, кәсіпкерлерге Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы негізгі қолданыстағы шаралар мен тетіктер түсіндірілді. Атап айтқанда: кедендік-тарифтік реттеу, кәсіпорындарды мемлекеттік сатып алуға арналған Еуразиялық тізілімге енгізу, бірлескен кооперациялық жобаларды ЕАЭО бюджеті есебінен несие мөлшерлемесін субсидиялау арқылы қаржылай қолдау тетіктері және қорғаныс шаралары.

         Бірқатар кәсіпорын басшылары импорттық баж салығын алып тастауға өтінім беру, бірлескен жобаларға қатысу және ЕАЭО аясындағы әріптестермен ынтымақтастықты дамытуға қатысты басқа да мәселелерді талқылауға ниетті екенін білдірді.

         Форумнан кейін QazIndustry өкілдері өңірдегі бірқатар кәсіпорындарға барып, ондағы технологиялық процестермен танысты.

         Атап айтқанда, мамандар «Шыны талшықты құбырлар зауыты» ЖШС, спорттық киім тігумен айналысатын «Дария» тігін цехына, су және газ жүйесіне арналған полиэтилен құбырларын өндіретін «Polykompozit» ЖШС, сондай-ақ арнайы киім мен аяқ киім тігетін «Zhamal-AI» ЖШС-на барды.

         QazIndustry өкілдері кәсіпорындарда мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде өтелуі мүмкін шығындардың негізгі бағыттарын анықтады, яғни жабдықтарды жаңғырту, персоналдың біліктілігін арттыру, процестерді цифрландыру және т.б.

         Сондай-ақ, сапар барысында QazIndustry мамандары «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына барды. Шарада жергілікті өндірушілердің ең үздік өнім үлгілері ұсынылды. Көрменің ерекше сәті «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болды. QazIndustry өкілдерінің қатысуы өңірлік бастамалардың отандық өнімді ілгерілетудегі және салалар арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын көрсетті.