QazIndustry өкілдері Central Asia Plast World 2025 пластмасса және полимерлер индустриясының 17-ші халықаралық көрмесінің жұмысына қатысты. Көрмеге 15 елден жүзден астам компания қатысты және олар пластмассаны қайта өңдеу, қаптама, баспа және каучук өндірісіне арналған жабдықтар, шикізат, қоспалар мен суперконцентраттар, престеу қалыптары, 3D-баспа, полиуретан және композиттер, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге арналған экологиялық шешімдерін таныстырды.
Панельдік сессиялардың бірінде «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев сөз сөйлеп, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндіктері жайлы айтып берді. Спикер мемлекеттік ынталандыру шаралары өндірісті дамытуға, технологиялық мүмкіндіктерді жаңғыртуға және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашатынын атап өтті.
Іс-шара аясында «QazIndustry» АҚ ТМК және химия саласын дамыту дирекциясының бас сарапшысы Салтанат Үйсімбаева да өз баяндамасымен бөлісті. Ол пластмасса бұйымдарын өндірудегі жаһандық үрдістер мен олардың қазақстан нарығына әсері туралы айтып берді.
Central Asia Plast World 2025 көрмесіне қатысу аясында QazIndustry өкілдері Алматыдағы екі кәсіпорында болды. Атап айтқанда, коммерциялық және тұрғын үйлерге арналған блок-модульді ғимараттар, трансформаторлар мен электр қосалқы станцияларын шығаратын «KazElectroSnab» зауыты және икемді қаптама өнімдерін өндіретін «PVD.kz» компаниясы. QazIndustry мамандары өндіріс үдерісімен танысып, салалық мәселелер бойынша кеңес берді.
