Қазақстанның моноқалаларында 46 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған

Алдағы жылдары еліміздің моноқалаларында жалпы инвестиция көлемі 6,2 трлн теңгені құрайтын 46 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 14 900-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.

Аталмыш жобалардың ішінде басымдық жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялануға қабілетті, жоғары технологиялық, экологиялық және импортты алмастыратын өндірістерді іске қосуға беріліп отыр.

Ең ірі жобалардың қатарында Теміртаудағы металлургия комбинатының қуатын арттыру, Рудный мен Екібастұзда ыстықтай брикеттелген темір өндіретін зауыттар салу, Балқашта мыс балқыту зауытын жаңғырту, Екібастұзда ұста-бандаж кешенін іске қосу, Ақсуда аккумуляторға арналған жоғары тазалықтағы марганец өндіру және Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен штангалар шығару өндірісі бар.

«Соңғы бес жылда еліміздің моноқалаларында жалпы құны 846,1 млрд теңге болатын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл бастамалар моноқалалардың экономикасын жаңғыртуға елеулі үлес қосты. Нәтижесінде 5200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, кейбір өңірлерде ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысын бастады», – делінген дирекция хабарламасында.

Екібастұз, Саран, Қаражал, Рудный және Қаратау қалаларында мыс концентратын, теміржол дөңгелектерін, автокөлік шиналарын, натрий цианидін және металдан жасалған прокат өнімдерін шығаратын заманауи өндіріс орындары іске қосылды. Бұл жобалар импортты алмастырумен қатар, тұрақты индустриялық негіз қалыптастыруға да үлес қосады.

Мұндай жобаларды іске асыру моноқалалардың экономикасын жан-жақты дамуына, халықты жұмыспен қамтуды арттыруға, кадрлардың біліктілігін көтеруге және жергілікті бюджет кірістерін ұлғайтуға септігін тигізеді.

Осылайша, моноқалалардағы инвестициялық жобалар технологиялық жаңаруға, тұрақты дамуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашып отыр.