2025 жылдың алғашқы бес айында компьютерлер, электрондық және оптикалық құрал-жабдықтар өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,3%-ға өсіп, 41,7 млрд теңгеден асты (өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 30 млрд теңгеден аз болған). Нақты мәнде өндіріс көлемі 89%-ға ұлғайды (өндіріс көлемінің нақты индексі - 189,3%). Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Машина жасау өнеркәсібін дамыту дирекциясы хабарлады.
«Өндірістің артуы салаға бағытталған инвестицияның күрт өсуімен тікелей байланысты. 2025 жылдың алғашқы бес айында компьютерлер, электрондық және оптикалық құрал-жабдықтар өндірісіне салынған инвестиция көлемі шамамен 2,3 млрд теңгеге жетті. Өсім 2 млрд теңгеден асып, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 9 есе жоғары болып отыр», - делінген хабарламада.
Ең үлкен өсім электрондық тұрмыстық техника өндірісінде - 68 еседен астам (95,9 млн теңгеден 6,5 млрд теңгеге дейін) және электрондық элементтер өндірісінде - 15 еседен астам (65,3 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін) байқалады.
Биыл Қарағанды облысының Саран қаласында Samsung брендімен теледидарлар мен басқа да техникаларды шығаратын «Silk Road Electronics» ЖШС жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында нақты мәндегі көрсеткіш бойынша бірқатар өнім түрлерінің өндірісі айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, дыбыс немесе бейнені жазуға және ойнатуға арналған құрылғылармен біріктірілген түрлі-түсті теледидар қабылдағыштарының өндірісі 7 есе өскен. Сонымен қатар, өзге де жартылай өткізгіш құралдар (фотосезімтал аспаптардан басқа) өндірісі 10 есе артқан.
