QazIndustry Абай облысының кәсіпкерлеріне бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік ынталандыру шараларын таныстырды

QazIndustry кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы өз қызметтерін Абай облысының кәсіпкерлеріне арналған онлайн-семинарда таныстырды. Іс-шараны «KazakhExport» экспорттық-кредиттік агенттігі ұйымдастырды.

Бизнеске қолдау көрсететін еліміздің жетекші ұйымдарының өкілдері («Даму», QazTrade, QazIndustry, Qazpatent, Стандарттау және метрология институты, «Атамекен» ҰКП) кәсіпкерлерге қаржыландыру мен қолдауды қалай алуға болатынын түсіндірді.

«QazIndustry» АҚ қызметтері жайлы Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Аида Альшинбаева мәлімет берді.

«Біз өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын екі негізгі бағытта ынталандырамыз: еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету. Кәсіпорындар қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, өндірісті тиімді ұйымдастыруға, шетелдік мамандарды тартуға, технологиялық үдерістерді жетілдіруге және цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындарының 40–50 пайызын өтей алады. Өтінімдерді қарау мерзімі – 14 жұмыс күні. Бұл – өтеусіз қолдау, алайда кәсіпорын белгілі бір міндеттемені орындауы қажет: мемлекет бөлген қаражат көлемінен кемінде екі есе артық табысқа екі жыл ішінде қол жеткізуі тиіс», – деді спикер.

Еске сала кетейік, алғашқы жарты жалда QazIndustry кәсіпорындардың 908 миллион теңгеден астам шығындарын өтеді.

Шығындарды өтеу шарттарымен толығырақ https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support  сілтемесі бойынша танысуға болады немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтетін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.