Кәсіпорын өкілдеріне LIMS жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары таныстырылды

QazIndustry өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдеріне арналған «Өндірістік кәсіпорындардың зертханалық және зерттеу жұмыстарының цифрландырылуы» тақырыбында алғашқы тегін вебинарын өткізді. Кездесу барысында зертханалық жұмыстар мен құжат айналымын тиімді басқаруға арналған LIMS (Laboratory Information Management System) атты арнайы бағдарламалық жасақтама талқыланды.

Zoom платформасында өткен вебинарға Қазақстанның 30-дан астам компаниясы мен заңды тұлғалар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Kaz Minerals», «Қарағанды фармацевтикалық кешені», «Шымкентмай», «Баян Сұлу», «PharmMedIndustry Kazakhstan», «ҚазМұнайХим», «Павлодар химия зауыты», «Казэлектромаш», «ҚазАзот», «Ақтөбе ЖЭО» және басқа да кәсіпорындар бар.

Siemens компаниясының өңдеу салалары бойынша өңірлік даму директоры Сергей Суханов пен Algarytm компаниясының техникалық архитекторы Андрей Каленов вебинарда LIMS жүйесі арқылы зертханалық жұмыстарды автоматтандырудың заманауи тәсілдері туралы айтып берді. Аталған жүйе мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тапсырмаларды бөлуді, олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады, есептер құрастырып, оларды серверде сақтайды. Осылайша, кәсіпорынның жұмысын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Вебинардың нәтижесінде бірнеше компания LIMS жүйесін енгізуге ниет білдіріп, Siemens және Algarytm компанияларымен пилоттық жобаларды іске асыру жөнінде алдын ала келісім жасасты.

«Өнеркәсіптік кәсіпорындардың зерттеу және зертханалық қызметін цифрландыру» тақырыбындағы вебинардың жазбасын QazIndustry YouTube арнасынан келесі сілтеме арқылы көруге болады: https://youtu.be/7vOQ1N9165k.

Келесі вебинарлар тамыз айында өтеді. Қатысу үшін https://docs.google.com/forms/d/1hDRluiFnrdAvA4FI1R24r7ZhHgyMB5_g2mmlXCl1Xdc/edit сілтемесі арқылы тіркелу қажет.

QazIndustry сонымен қатар Қазақстан кәсіпорындарында пилоттық жобаларды жүзеге асырып, инновациялық шешімдерді бірлесіп көрсету үшін IT-компанияларды ынтымақтастыққа шақыратынын хабарлайды.

Барлық сұрақтар бойынша QazIndustry өкілі Айжан Серікпаеваға +7 771 244 81 34 телефоны арқылы немесе  a.serikpaeva@qazindustry.gov.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады.