Кәсіпорындардың шығындарын өтеу бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдер мақұлданды

2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша QazIndustry кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша 74 өтінімді мақұлдады. Жалпы өтеу сомасы 1 млрд 56 млн 584 мың теңгені құрады. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясының мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. 2024 жылдың аталмыш кезеңінде кәсіпорындарға 526,4 млн теңге өтелген болатын.

«Кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындары өтелді. Атап айтқанда, ынталандыру шаралары технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту, цифрландыруды енгізу, персоналды оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттыру, технологиялық жабдық сатып алу, сондай-ақ өнімді ішкі нарыққа ілгерлету бойынша шығындарын қамтыды», – делінген хабарламада.

Өтінімдердің басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы индустрия өкілдерінен келіп түскен. Салалық тұрғыда металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, жиһаз және құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын кәсіпорындар белсенділік танытуда.

QazIndustry өкілдері телефон арқылы кеңес беруден бөлек, Ашық есік күндері мен өнеркәсіп өкілдерімен өткізілетін кездесулер барысында мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіруді жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіруге, өндірісті жаңғыртуға және өнімді ілгерілетуге байланысты шығындарының 40-50 %-ын өтейді.

Шығындарды өтеу шарттарымен QazIndustry ресми сайтының басты бетіндегі «Бизнесті ынталандыру» бөлімі арқылы немесе аптаның әр бейсенбі күні QazIndustry кеңсесінде( Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өткізілетін Ашық есік күніне қатысу арқылы білуге болады.