«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша кезекті кездесу өтті. Qazindustry Комплаенс-қызметінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға құрылымдық бөлімдердің басшылары қатысты.
Комплаенс-қызметі орталығының директоры Қанат Макуштың айтуынша, мұндай дәрістердің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын түсіндіру және заң бұзушылықтар үшін қандай жауапкершіліктер қарастырылғаны туралы ақпараттарды жеткізу.
Кездесу барысында қатысушыларға Қоғамның Іскерлік этика кодексі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт және арнайы нұсқаулықтағы негізгі талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, қандай әрекеттер құқық бұзушылық пен қылмыс болып саналатыны жайлы түсініктемелер берілді.
Комплаенс-қызмет орталығының басшысы өз сөзінде: «Қызметкерлер өз міндеттерін атқару кезінде және Қоғам атынан тұтынушылармен, серіктестермен немесе мемлекеттік органдармен байланыс орнатқанда, бірінші кезекте Қоғамның мүддесін ескерулері керек. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін барынша жауапкершілікпен әрекет етуі тиіс», – деп атап өтті.
Еске сала кетейік, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 22-бабына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган, ұйым, квазимемлекеттік сектор өкілдері мен лауазымды тұлғалар өз құзыреті аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізуге міндетті.
