ЕАЭО аясында натрий сульфидтері мен целлюлоза эфирлерін импорттық баж салығы нөлге теңестірілді. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Экономикалық интеграция дирекциясы хабарлады.
«Ағымдағы жылдың 1 тамызында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімімен 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде натрий сульфидтеріне (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2830 10 000 0) және өзге де целлюлоза эфирлеріне (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 3912 39 850 0) қатысты кедендік әкелу бажының нөлдік мөлшерлемелерін белгілеу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.
ЕАЭО шеңберінде натрий сульфидтері мен целлюлоза эфирлеріне салынатын импорттық баж салығын нөлге теңестіру мәселесін «QazIndustry» АҚ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп көтерген. Бұл бастама отандық металлургия және химия өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау мақсатында ұсынылды.
Аталған шаралар Қазақстанның тау-кен металлургиясы мен химия салаларындағы дайын өнімінің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ оның ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Импорттық баж салығы мөлшерлемелерін өзгерту жөніндегі ұсыныстарды енгізу тәртібімен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2019 жылғы 21 тамыздағы №21 бұйрығымен бекітілген сыртқы сауда қызметін реттеуге қатысты кедендік-тарифтік, тарифтік емес, сауда және өтемдік шараларды қолдану, өзгерту немесе жою туралы ұсыныстарды қарау қағидаларынан танысуға болады.
QazIndustry отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуді және импортталатын шикізат, жабдықтар мен жинақтауыштар бойынша кедендік әкелу баждарын қайта қарауға арналған өтінімдерді дайындау бойыншы жұмыстарды жалғастыруда.