2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда автомобильдерге арналған өзге де бөлшектер мен керек-жарақтар өндірісіне салынған инвестиция көлемі бірнеше есе артты. Алты ай ішінде аталған секторға тартылған инвестиция көлемі 18,6 есеге өсіп, 30,1 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Машина жасау саласын дамыту дирекциясы хабарлады.
Инвестиция көлемінің айтарлықтай артуы Қостанай қаласында автокомпоненттер өндірісін жолға қоюға бағытталған жобалардың жүзеге асырылуымен байланысты. Атап айтқанда, олардың қатарында «KamLitKZ» ЖШС іске асырып жатқан жүк көліктеріне арналған жетекші осьтердің редукторларын өндіру жобасы және «TehnoPark KZ» ЖШС-нің автокомпоненттер өндірісіне арналған локализация орталығын құру жобасы бар. Аталған жобаларды іске қосу 2025 жылға жоспарланған.