Ағымдағы жылдың 7 тамызы күні Ұлытау облысының кәсіпкерлеріне еліміздегі бизнеске арналған қолдау шаралары таныстырылды. Вебинар барысында кәсіпкерлерге KazakhExport, «Даму» қоры, QazTrade, QazIndustry, Qazpatent, Стандарттау және метрология институты мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз қызметтері мен қолдау құралдарын таныстырды.
Zoom платформасында өткен вебинарға Ұлытау өңірінің 40-қа жуық бизнес өкілдері қатысты.
«QazIndustry» Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Альшинбаева Аида өңдеу өнеркәсібіне арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының өкілі отандық кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған шығындарының 40–50%-на дейін өтемақы алу мүмкіндігіне ие екенін түсіндірді.
«Өтінімдер мен қажетті құжаттар www.qazindustry.gov.kz порталында электронды түрде қабылданады. Өтінімдерді қарау мерзімі – 14 жұмыс күні. Мемлекет тарапынан шығындарды өтеу қызметін алғаннан кейін, кәсіпорын қарсы міндеттемені орындауы тиіс – яғни, екі жыл ішінде мемлекеттен алынған сомаға қарағанда табысын кем дегенде екі есеге ұлғайтуы керек», – деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша QazIndustry кәсіпорындардың бір миллиард теңгеден астам сомаға шығындарын өтеуге арналған өтінімдерін мақұлдаған.
Шығындарды өтеу шарттарымен QazIndustry ресми сайтының басты бетіндегі «Бизнесті ынталандыру» бөлімі арқылы немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде ( Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өткізілетін Ашық есік күніне қатысу арқылы білуге болады.
