Индустриялық аймақтар – жұмыс орындарын ашудың және экономиканы нығайтудың маңызды құралы

Қазақстанда бүгінгі күні  55 индустриялық аймақ жұмыс істейді: олардың 11 – республикалық маңызы бар, 31 – өңірлік, сегізі – жекеменшік, төртеуі – шағын және біреуі – арнайы индустриялық аймақ. Индустриялық аймақтар, әсіресе өңірлерде, жаңа кәсіпорындар мен жобаларды іске асырумен қатар, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға елеулі үлес қосатын маңызды құрал болып табылады.

«QazIndustry» Қазақстан индустрия және экспорт орталығының Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясының мәліметінше, индустриялық аймақтардың құрылуы нәтижесінде 1,44 трлн теңге инвестиция тартылған.

«Индустриялық аймақтар экономиканы дамыту мен жұмыс орындарын ашуда маңызды рөл атқарады. Индустриялық аймақтар іске қосылғаннан бері шамамен 18 700 жұмыс орны ашылып, 4,3 трлн теңгенің өнімі өндірілді», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта индустриялық аймақтар аумағында 280 жоба жүзеге асырылуда. 2024 жылы жалпы құны 277,6 млрд теңге инвестициямен 29 жоба іске қосылды. Олардың іске қосылуы екі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 360 млн теңге инвестициямен және 50 жұмыс орны құруға мүмкіндік берген бір жоба іске қосылды.

Индустриялық аймақтар аумағында жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары жалғасуда. Дирекцияның хабарлауынша, 2025–2028 жылдары жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтар аумағында жалпы құны 1,9 трлн теңгеден асатын 274 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Индустриялық аймақтар еліміздің жетекші өндірістік алаңдарына айналып, олардың аумағында іске асырылып жатқан жобалар халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде.  

Мысалы, «Алматы» индустриялық аймағында «Astana Motors» компаниясының «Hyundai Trans Kazakhstan» автокөлік өндіру жобасы іске қосылып, 730 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда «Astana Motors»-тың тағы екі жобасы жүзеге асырылу сатысында: «Astana Motors Manufacturing» – қытайлық маркалы жеңіл автокөліктерді өндіру жобасы, 1500 жұмыс орнын құру жоспарланған және «Astana Motors Engineering» – автокомпоненттерді сақтауға арналған қойма кешені, 212 жұмыс орнын ашу көзделген.

 «Қостанай» индустриялық аймағында 2252 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін екі жоба іске асырылмақ: автомобиль өндіретін «KIA Qazaqstan» (1500 жұмыс орны) және шойын құю зауыты мен жетекші осьтердің негізгі көпірлері мен арқалықтарын шығаратын зауытты салуға бағытталған «KamLitKZ» (752 жұмыс орны).

 

Индустриялық аймақтар дамудың оң қарқынын көрсетіп отыр. Олардың аумағындағы инфрақұрылым құруға жұмсалған әрбір бюджет теңгесіне өңдеу өнеркәсібіне 13,1 теңге инвестиция тартылды.