2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 10 мың тонна алюминий профилі өндірілді. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 % - ға артық. Өнім өндіру көлемі тұрғын үй мен коммерциялық құрылыстың қарқынына, әсіресе көпқабатты ғимараттардағы қасбеттер мен терезелерде кеңінен қолданылуына тікелей байланысты. Тұрғын үй мен коммерциялық нысандар құрылысының ұлғаю үрдісі алюминий саласының дамуының негізгі қозғаушы күші болып отыр.
«2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 10 мың тоннаны құрады, ал ішкі тұтыну 13,8 мың тонна деңгейінде болды. Өнім экспорты Қырғызстан нарығына – 1 мың тонна (жалпы экспорт көлемінің 68%-ы), Өзбекстанға – 0,3 мың тонна (19%) көлемінде жеткізілді. Ішкі қажеттіліктің жетіспейтін бөлігі импорт арқылы қамтамасыз етілді. Яғни алюминий профильдері сегментінде өсу әлеуеті бар: оның қосымша резерві 5,2 мың тоннаны құрайды», – делінген «QazIndustry» ТМК және химия саласын дамыту дирекциясының хабарламасында.
Республика аумағында алюминий профильдерін алты кәсіпорын өндіреді: «GLK Extrusions», «Aluminium of Kazakhstan» және «Falcon1» ЖШС (Алматы облысы), «Алпроф» (Алматы қ.), «Gold Aluminium» (Шымкент қ.) және «Metalformer» (Астана қ.). Аталған кәсіпорындардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 41,7 мың тонна өнімді құрайды.
Айта кетейік, Қазақстандағы алюминий профильдері нарығы құрылыс саласында қолданылатын алюминий қорытпаларынан жасалған өнімдермен ұсынылған. Олар вентиляциялық қасбеттерге, терезелерге, есіктерге және өзге де алюминий конструкцияларына пайдаланылады. Өнімнің артықшылығы – профильдерді өндіру барысында бастапқы алюминиймен қатар қайталама алюминий (қалдық металл) де қолданылады. Алюминий қайта өңдеуге жоғары жарамдылығы және көміртегі ізі деңгейін төмендету әлеуетінің арқасында әдетте «жасыл» материал ретінде қабылданады.
