2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 1,5 есе өсіп, 198,9 млрд теңгеге жетті. Өндірістің нақты көлем индексі 125,1%-ды құрады. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Машина жасау саласын дамыту дирекциясы хабарлады.
Өнімділіктің артуына бірқатар техника түрлерінің өндіріс көлемінің артуы ықпал етті. Атап айтқанда, тракторлар (+38%), тұқым сепкіштер (+2,5 есе), астық жинайтын комбайндар (+29%), тыңайтқыш сепкіштер (+2,2 есе), сабан немесе шөп престеуіштер (+2,4 есе), мал азығын дайындауға арналған машиналар және басқа да өнімдер (+3,3 есе) көбірек шығарылды. Сондай-ақ ауыл және орман шаруашылығына арналған машиналар өндірісі саласындағы қызмет көлемі 1,8 есеге өсті.
Аймақтар бойынша оң динамика көрсеткен негізгі ауыл шаруашылығы машинасын өндірушілер: «Қазақстан Агро Инновациялық корпорациясы» ЖШС (Көкшетау), «АгромашХолдинг» АҚ және «Қостанай трактор зауыты» ЖШС (Қостанай), «СемАЗ» ЖШС (Семей), «Kaz Kioti» ЖШС және «BNK Irrigation» ЖШС (Түркістан облысы), «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС (Петропавл).