Кәсіпкерлер палатасының салалық кеңесінің отырысында мемлекеттік ынталандыру шаралары таныстырылды

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында өнеркәсіпті және отандық тауар өндірушілерді қолдау және дамыту бойынша салалық кеңес отырысы өтті. Жиынға палата өкілдері, еңбек мобильдігі орталығы, бірқатар жоғары оқу орындарының, сондай-ақ QazIndustry, QazTrade, Kazakh Export сияқты даму институттары мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесуде отандық өнеркәсіпті дамыту, осы салаға қажетті мамандарды жоғары және арнаулы оқу орындарында даярлау, сондай-ақ кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

QazIndustry арқылы ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Жұмаділов Дархан баяндады. Спикер атап өткендей, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өнеркәсіптік кәсіпорындарға екі бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, орталық еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтейді.

«Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша QazIndustry 1 миллиард 271 миллион теңгеге кәсіпорындар шығындарын өтеді. Біз кәсіпорындардың технологиялық жабдық сатып алуға, өндірісті жаңғырту мен цифрландыруға, өнімді сертификаттауға, шетелдік мамандарды тартуға және өзге де бағыттар бойынша жұмсалған шығындарының 40-50 пайызын өтеп береміз», – деді Жұмаділов Дархан.

Жиынға мемлекеттік қолдау шараларын алған кәсіпорындардың өкілдері де қатысты. Олар ынталандыру шараларын жоғары бағалап, мұндай қолдау өнеркәсіптің дамуына нақты серпін беретінін атап өтті.