Қазақстанда жиһаз өндірісі артуда

Қазақстанда жиһаз өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Соңғы үш айда өндіріс көлемі айтарлықтай өсіп, бұл ішкі және сыртқы нарықтардағы отандық жиһазға деген сұраныстың артып отырғанын көрсетеді.

2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанда 75,4 млрд теңгеге жиһаз өндірілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41,5%-ға жоғары. Саладағы нақты көлем индексі аталған мерзімде 101,6%-ды құрады. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт  орталығының Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

«Нақты көлем индексінің өсуіне келесі тауарлар өндірісінің артуы ықпал етті: ағаштан жасалған кеңсе жиһазы – 52,5%-ға, асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз – 45,7%-ға, металл қаңқалы арнайы отырғыш жиһаздар – 9,1%-ға артты», – делінген хабарламада.

Жиһаз өнімдерін тұтынудың ішкі нарығы $316 млн құрады. Отандық өндірістің үлесі 36,5% деңгейінде тіркелді.

Экспортқа $12,2 млн көлемінде жиһаз өнімі жөнелтілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе жоғары.

Ең көп экспортталған жиһаз түрлері – металл жиһаз, төсекке түрлендірілетін отырғыш жиһаз және оның құрамдас бөлшектері, пластмасса жиһазы мен металл қаңқалы жұмсақ отырғыш жиһаз.

Қазақстанға әкелінген импорттық жиһаз көлемі 5,4%-ға азайып, $200,5 млн құрады.

Айта кетейік, жиһаз өндіретін кәсіпорындар республиканың барлық өңірлерінде жұмыс істейді. Алайда жиһаз өндірісінің 20,6%-ы Алматы қаласына тиесілі. Есепті кезеңде мұнда 15,6 млрд теңгенің жиһазы өндірілді.