Құрылыс материалдарының өндірісі 32,6%-ға артты

2025 жылғы қаңтар–шілде айларында құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 861,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен (649,9 млрд теңге) салыстырғанда номиналды мәнде 32,6%-ға артты. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

«Өнімнің нақты көлем индексі 104,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш ескерткіштер мен құрылысқа арналған өңделген тас, цементтен, бетоннан және жасанды тастан жасалған тақталар, плиталар мен бұйымдар, тауарлық бетон, бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары, портландцемент (ақ түрінен басқа), сондай-ақ бетоннан жасалған құрастырмалы құрылыс конструкциялары өндірісінің артуы есебінен мүмкін болды», – делінген хабарламада.

Экспортқа $139,9 млн көлемінде өнім жіберілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға көп. Тауардың заттай көріністегі нақты көлемі 8,6%-ға артып, 752,7 мың тоннаны құрады. Экспорттың негізгі бағыттары – ТМД елдері.

Есепті кезеңде саладағы отандық өндірушілердің үлесі 69,6%-ға жетті. Өнімнің көлемінің басым бөлігін (қаржылай мәнде) Астана қаласының (жалпы өндірістің 14%-ы), Алматы облысының (9,8%) және Шымкент қаласының (9,6%) кәсіпорындары шығарды.