Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында, елдің өнеркәсіп секторына жасанды интеллекті технологияларын енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін тек жекелеген сынақ түрінде қолданылып келген жасанды интеллект, енді өндірістік кәсіпорындарда кешенді түрде пайдаланылатын болады.
25 қыркүйекте Astana Hub алаңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ұйымдастыруымен өнеркәсіпті цифрландыруға арналған Demo Day өтті. Іс-шараға IT-компаниялардың өкілдері, мемлекеттік органдар, өнеркәсіптік кәсіпорындар, сарапшылар, сонымен қатар өңірлерден онлайн режимде қосылған қатысушыларды қоса алғанда, 200-ге жуық адам қатысты.
Demo Day-ға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Іс-шара барысында өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Алғашқы кезеңде оған машина және автомобиль жасау, тау-кен металлургия кешенінің 11 қала құраушы кәсіпорны қатысады. Алдағы уақытта Жол картасы өнеркәсіптің басқа салаларына да кеңейтілетін болады.
«Үкіметке цифрлық трансформацияны жүйелі түрде дамыту тапсырылды. Өнеркәсіпте жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасын мемлекеттік органдармен, IT-экожүйемен және жетекші кәсіпорындармен бірлесіп әзірлеу – осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі. Құжат бизнестің және саланың нақты қажеттіліктерін ескере отырып жасалды. Оның іске асырылуы жекелеген пилоттық жобалардан жаңа деңгейдегі технологияларды тәжірибеде қолдануға көшуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Е. Нағаспаев.
Жол картасы кәсіпорындарда жүйелі жағдай жасауды, жасанды интеллект экожүйесін дамытуды, қажетті кадрларды даярлауды және ЖИ-ге негізделген жобаларды іске асыруды қамтитын 41 жобадан тұрады. Жобалар компьютерлік көру және предиктивті аналитика, роботтандырылған техника мен пилотсыз көлік, цифрлық егіздер мен Big Data, генеративті ЖИ-ассистенттер сияқты бағыттарды қамтиды.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде цифрландыру деңгейі тұрақты өсіп келеді. Цифрлық құралдарды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 2022 жылы 12,9%-ды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19,2%-ға жетті. Биыл оны 23%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Жасанды интеллект технологиялары Қазақстанда енді ғана енгізіле бастағанын айта келе, министр «қазір ең бастысы – жасанды интеллектіні өндірісте кеңінен қолдануға қажетті дұрыс механизмдер мен жағдайларды қалыптастыру» екенін атап өтті. Себебі өнеркәсіптік заттар интернеті, үлкен деректер, роботтандырылған техника, толықтырылған және виртуалды шындық сияқты технологияларға деген қажеттілік арта береді.
Өз кезегінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның әртүрлі секторларында, соның ішінде өнеркәсіпте жасанды интеллектіні енгізу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол білім беру бағытының маңыздылығына тоқталды. Министрдің айтуынша, алдағы бес жылда мектеп оқушыларынан бастап студенттерге, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпорын қызметкерлеріне дейін 1 миллион қазақстандық жасанды интеллект негіздерін меңгермек.
Demo Day алаңында қазақстандық компаниялардың өнеркәсіп пен тау-кен металлургия саласына арналған жасанды интеллект технологиялары таныстырылды. ERG, «Қазмырыш» секілді ірі және өзге де кәсіпорындар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Солардың бірі – қазірдің өзінде бірқатар кәсіпорында, соның ішінде Qarmet компаниясында қолданылып жатқан «Антинаезд» жүйесі. Бұл қауіпсіздік жүйесі апаттық жағдайлар мен жарақаттанудың алдын алуға арналған. Ол техника мен тиеу-жүктеу машиналарына орнатылып, ауыр техниканың жанында жұмыс істейтін қызметкерлерді қорғайды.
ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Жол картасының басты мақсаты – «жасанды интеллектіні негізгі өндірістік үдерістерге енгізу арқылы отандық өнеркәсіптің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру» екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жол картасы шеңберінде кәсіпорындарға қолдау көрсету шаралары қарастырылған. Мәселен, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінген қаражаттың бір бөлігі жасанды интеллект шешімдерін өндіріске енгізуге бағытталады. Ал IT-инфрақұрылымды жаңғыртқысы келетін кәсіпорындарға жеңілдетілген несиелер мен гранттар ұсынылады. Сонымен қатар ЖИ технологияларын енгізу үшін қажетті жоғары технологиялық жабдықты импорттаған кезде кедендік төлемдерден босату көзделген.
Жол картасын іске асыру аясында министрлік Astana Hub-пен бірлесіп Industrial AI Accelerator бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарлама жасанды интеллектінің пилоттық жобаларын сынақтан өткізуге және табысты шешімдерді саладағы басқа кәсіпорындарға масштабтауға мүмкіндік береді. Бұл – технологияларды нақты өндірістік жағдайда сынақтан өткізуге арналған алаң болмақ.
Demo Day аясында IT-компаниялар мен сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өнімдерін таныстырып, іскерлік байланыстар орнатты.

